Афиша

Ұлттық музейде корей суретші-иллюстраторы У Наённың көрмесі ашылады

Ұлттық музейде корей суретші-иллюстраторы  У Наённың көрмесі ашылады
2023 жылғы 5 қыркүйек күні сағат 12:30-да Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы мәдени алмасу жылы аясында ҚР Ұлттық музейінде корей суретшіcі У Наённың «У Наёнмен Қазақстанда кездесу: ертегілердегі ханбок» атты көрмесі ашылады. Көрмені Корея Республикасы елшілігінің Корей мәдени орталығы ұйымдастырады.

У Наён (лақап аты – Obsidian) – корей суретші-иллюстраторы, оның жұмыстары дәстүрлі «ханбок» киімін бейнелеп, дәстүрлі мәдениет элементтерін қамтиды. Суретшінің шығармалары бүкіл әлемге танымал. Ол Netflix, Disney, Marvel, Samsung, LG және т.б. әлемдік брендтермен бірге жұмыс істеген. 2019 жылы ол Корея Республикасы Мәдениет, спорт және туризм министрлігінің «Ханбокты насихаттауға қосқан үлесі үшін» сыйлығын алды.

Көрме екі тақырыптан тұрады. Бірінші тақырып – әйгілі ертегі кейіпкерлерін бейнелеу арқылы корей дәстүрлі киімін таныстыратын «Ертегілердегі ханбок» сериясы. Екіншісі – «Ханбок киген қыз».

Көрмеде елдер арасындағы мәдени алмасу жылы аясында арнайы салынған суретшінің жұмысымен танысуға болады. Автордың су жаңа жұмысы қазақтың әйгілі «Ер Төстік» ертегісінің сюжетіне негізделген. Бұл туынды ертегіні дәстүрлі корей мәдениеті тұрғысынан баяндап, басты кейіпкердің басына түскен қиындықтар мен айдаһарды жеңу арқылы оның бойындағы өзгерістерді көрсетеді. Суретші шығармасында «Алтын адамның» алтын әшекейлері мен Корей түбегінің аумағында болған ежелгі Силла мемлекетінің алтын әшекейлері арасындағы ұқсастықты бейнелеу арқылы Корея мен Қазақстанның мәдени ортақтығын көрсетеді.

Экспозиция 2023 жылғы 5 қыркүйектен бастап 15 қазанға дейін ҚР Ұлттық музейінің 6 қабатындағы Уақытша көрмелер залында болады.