Ғалымдар дала өркениетінің мұрасын болашақ ұрпаққа жеткізу жолдарын талқылады

2025 жылғы 27 маусымда Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Дөңгеленген дүние: қазақ дала өркениетінің мәдени коды» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру ғылыми жобасы аясында «Дүниежүзілік мәдени құндылықтар жүйесіндегі дала өркениеті: музей ісіндегі теория және практика» атты халықаралық ғылыми конференция өтті.

Ауқымды ғылыми шараның басты мақсаты – қазақ даласында қалыптасқан өркениеттің рухани-мәдени мұрасын кең көлемде зерделеу, оның әлемдік өркениеттегі маңызын айқындау, сондай-ақ қазіргі заманғы ғылыми және музейлік тәжірибе негізінде оны сақтау мен насихаттаудың тиімді жолдарын талқылау.

Конференция аясында келесі бағыттар бойынша баяндамалар ұсынылды:

  • Дала өркениетін зерттеудегі археологиялық жаңалықтар және олардың тарихи маңызы;
  • Дала этнографиясы: көшпелі халықтардың салт-дәстүрі, тұрмыс-тіршілігі мен дүниетаным жүйесі;
  • Дала өркениетінің мұрасын сақтау ісі: музей саласы мен көрме жобаларының рөлі;
  • Мұраларды заманауи форматта зерттеу және дәріптеу: цифрлық технологиялар, виртуалды музейлер мен білім беру платформалары.

Пленарлық және секциялық отырыстар барысында тарих ғылымдарының докторы Тілеген Садықов, Алтайы Оразбаева, Зада Дүкенбаева, Ернұр Рақымов сияқты танымал ғалымдар дала өркениетінің негізгі аспектілеріне тоқталып, оның жаһандық мәдени кеңістіктегі орнына терең талдау жасады.

Сонымен қатар, ғылыми басқосу алыс-жақын шетелдік және отандық зерттеушілер мен мәдениет қайраткерлері арасындағы кәсіби байланыстарды нығайтуға жол ашты.

Конференция жұмысына тарихшылар, этнографтар, музейтанушылар, өнертанушылар, докторанттар мен магистранттар, сондай-ақ студенттер қатысты. Ғылыми басқосу – дала өркениетінің бай мұрасын болашақ ұрпаққа жеткізудегі теориялық ізденістер мен практикалық тәжірибелерді ұштастыруға арналған маңызды диалог алаңына айналды.