Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Румыния Мәдениет министрлігінің қолдауымен Ұлттық музейде «Сәбилерге арналған Мадригал» атты концерт өтті.
Музыкалық кеш – Румыния Ұлттық камералық хорының Қазақстандағы мәдени туры аясындағы маңызды шаралардың бірі. Алпыс жылдан астам тарихы бар «Мадригал» хоры – румын хор өнерінің бірегей үлгісі ретінде бүкіл әлемге танымал және Румынияның мәдени елшісі ретінде кеңінен мойындалған ұжым.
Аталған мәдени шара Қазақстан мен Румыния арасындағы тарихи достық пен ынтымақтастықты одан әрі тереңдетіп, рухани жақындықты нығайтудың жарқын үлгісі болды. Концерт жас тыңдармандарға арналғанымен, оның маңыздылығы мен көркемдік деңгейі барлық көрермендерге рухани әсер сыйлады.
Шараның басты мақсаты – классикалық музыка арқылы екі елдің мәдени байланысын күшейту, рухани және көркемдік өзара түсіністікті тереңдету, сондай-ақ жас ұрпақтың эстетикалық тәрбиесіне үлес қосу.
Іс-шара барысында жоғары мәртебелі Румыния Мемлекеттік хатшысының орынбасары Ирина Санда Кахал Марин, хор жетекшісі Эмиль Пантелимон мырза және ҚР Ұлттық музейінің ғылыми хатшысы Саялбек Ғиззатов құттықтау сөз сөйлеп, «Мадригал» хорының Қазақстанға келуін халықтар арасындағы достық пен өзара құрметті нығайтатын маңызды қадам ретінде атап өтті. Олар музыка - адамзаттың ортақ тілі екенін, ал осындай бастамалар мәдени байланыстың жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашатынын ерекше атап өтті.