Қазақстан мен Ресей музей ынтымақтастығын нығайтуда
2025 жылғы 25-28 наурыз аралығында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі директоры Берік Әбдиғалиұлы мен археология және этнография бөлімінің аға ғылыми қызметкері Руслан Дуванбеков Мәскеу мен Санкт-Петербургтың жетекші музейлеріне жұмыс сапары өтті. Мақсаты – музейлер арасындағы ынтымақтастықты нығайту, бірлескен жобаларды талқылау мен меморандум жасау.
Санкт-Петербург қаласында Русский музей, Эрмитаж, Кунсткамера және Ресей этнографиялық музейінің басшылығымен кездесулер өтті. Мәскеуде Третьяков галереясы, Мемлекеттік тарихи музей, Шығыс музейі, Палеонтологиялық музей және Ресейдің қазіргі заманғы тарихының мемлекеттік орталық музейі өкілдерімен келіссөздер жүргізілді.
ҚР Ұлттық музейі мен Мемлекеттік Эрмитаж ынтымақтастықты кеңейтпек. Әріптестік аясында бірлескен көрмелер, Астанада Эрмитаж күндерін өткізу, қызметкерлер үшін тағылымдамалар, сондай-ақ каталогты шығару жоспарланған.
Русский музеймен ынтымақтастық барысында Ресей бейнелеу өнерінің жауһарларын ұсынатын көрме өткізу мүмкіндігі қарастырылады.
Кунсткамераның коллекциясында қазақтардың материалдық мәдениетіне арналған біршама жәдігерлер сақтаулы. Екі музей арасындағы ынтымақтастықтың аясында бұл құнды заттар екі томдық каталогқа негіз болмақ.
Сол сияқты Палеонтологиялық музеймен бірлесіп, маңызды серіктестік бастамалары қолға алынуда. Тараптар каталогты дайындау бойынша әдістемелік консультациялар өткізу, Қазақстан аумағында бірлескен экспедициялар ұйымдастыру, сондай-ақ Қазақстанда табылған, бірақ Ресей музейінде сақтаулы алып жануарлар қаңқаларының ғылыми реконструкцияларын жасау туралы уағдаласты.
Сапар қорытындысы бойынша ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылып, көрме алмасу, ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру сынды әріптестіктің маңызды бағыттары белгіленді. Бұл Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени байланыстарды дамыту мен нығайтудағы маңызды қадам болды.