Түркі әлемі елдерінің музей басшылары Анкарада кездесті

2024 жылы 20-21 желтоқсанда Анкарада TÜRKSOY Музейлер одағына мүше елдер координаторларының жұмыс кездесуі өтті.

Өз сөзінде TÜRKSOY Бас хатшысы Сұлтан Раев Музейлер одағының 2022 жылы құрылғаннан бергі қызметін жоғары бағалап, бұл ұйымның Түркі әлемінде музей ісін дамытуға елеулі үлес қосып жатқанын атап өтті.

Іс-шараға Әзербайжан, Гагаузия (Молдова), Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Солтүстік Кипр, Түркия, Түркменстан елдерінің музей басшылары мен TÜRKSOY Музейлер одағының өкілдері қатысты.

Кездесудің ашылуында Түркия Мәдениет және туризм министрлігінің мәдени құндылықтар және музейлер жөніндегі бас директорының орынбасары Бюлент Гёнюлташ, Анкара провинциясы Мәдениет және туризм басқармасының басшысы Эрхан Каракая, Мәдени құндылықтар және музейлер жөніндегі Бас дирекцияның музейлер департаментінің басшысы Серкан Гедюк, 15 шілде Демократия музейінің директоры Али Хайдар Аталар және TÜRKSOY Музейлер одағының бас координаторы доктор Джавид Мёвсюмли сөз сөйледі.

Пікір алмасу форматында өткен кездесуде қатысушылар 2025 жылға жоспарланған іс-шараларды, музей ісі саласындағы марапаттау жүйесін әзірлеуді, түркі халықтарының музейлерін құруға қолдау көрсетуді, TÜRKSOY музей картасын енгізуді, одақ мүшелерінің санын арттыруды, цифрлық жобаларды дамыту және басқа да маңызды мәселелерді талқылады. Қабылданған шешімдерді мүше елдердің координаторлары мақұлдады.

Жұмыс кездесуінің соңында Түркі әлемі елдерінен келген музей директорлары үшін Анкарадағы Кескіндеме және мүсін музейінде концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Онда Трабзон өңірінің дәстүрлі билері, Сеймен биі, Кавказ халық билері және «Мехтер» әскери оркестрінің өнері ұсынылды.

Келесі кездесу Қазақстанның маңызды тарихи орталықтарының бірі Ақтауда өтеді. Естеріңізге салсақ, 2025 жылы Ақтау Түркі әлемінің мәдени астанасы болып жарияланған еді.