Бүгін, 25 қыркүйек күні Ұлттық музейде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Мәдениет қайраткері, Қазақстанның Суретшілер одағы және Дизайнерлер одағының мүшесі, профессор Тілеужан Батановтың «Сезім» атты жеке көрмесі ашылды.
Экспозицияға акварель, мүсін, кескіндеме және ұсақ пластика сынды 164 туынды қойылды.
Тілеужан Бағыбайұлы 80-ге жуық халыкаралық және республикалық симпозиумдарының қатысушысы. 200-ден астам шығармашылық көркем және мүсін жұмыстары АҚШ, Ресей, Швейцария, Дания, Австралия, Нидерланд, Түркия, Германия, Грузия, Өзбекстан және басқа да жекеменшік коллекцияларда сақтаулы.
Тілеужан Батанов – айрықша жан-жақты шебер. Ол тек мүсінші, кескіндемеші, график, дизайнер ғана емес, сол сияқты ұзақ жылдан бері ұстаздық қызметпен де айналысады. Ұстаздық жолында 500-ге тарта қолданбалы өнер суретшілері мен дизайнерлердің бірнеше ұрпағын шығарды.
«Сезім» көрмесі музейдің 4-қабатында орналасқан №2 Бейнелеу өнері залында ағымдағы жылдың 27 қазанына дейін жалғасады.