Францияның әлемдік деңгейдегі музейлерінің өкілдері тәжірибемен бөлісті

Конгресс жұмысының екінші күні Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен және Франция елшілігімен ынтымақтастықта ұйымдастырылған «Музеология Қазақстан – Франция: тәжірибе және перспективалары» атты форум өтті.

Форум жұмысына Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сильван Гиоге, Лувр музейі Ислам өнері департаментінің директоры Сурая Нужаим, консерватор Ноэми Досе, Ұлттық превентивтік археологиялық зерттеулер институтының Халықаралық қатынас департаментінің директоры (INRAP) Кай Салас-Розенбах, Ұлттық ескерткіштер орталығының Туризмді дамыту департаментінің басшысы Элоди Грилли, Оқыту және мәдени инженерия жобасының жетекшісі Дельфин Буэ, Universcience халықаралық жобаларының жетекшісі Матье Тонэ қатысты.

Форум аясында «Цифрлы күз» фестивалінің ашылу рәсімі және көрме ұйымдастырылды.

«Цифрлы күз» фестивалі Ұлттық музейдің Мультимедиа залында 6 қазанға дейін өтеді. Онда Францияның алуан түрлі жаңа медиа қолданып жасалған цифрлы өнер мен көркем инновациялар, соның ішінде 11 марапатқа ие болған виртуалды шындық фильмдері, exo Cortex 3.0 иммерсивті проекциясы, сондай-ақ француз суретшісі Гийомиттің жетекшілігімен Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейдің 12 жас суретшісі бірлесіп жасаған кеңейтілген шындықтағы панно ұсынылады.

Қатысушылар Қазақстан музейлер конгресінің жоғары деңгейде дайындалғаны және ұйымдастырылғаны үшін алғыстарын білдіре отырып, Конгресс жұмысының бай мазмұнды және жан-жақты болғанын атап өтті.