Бүгін, 18 қыркүйек күні ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен музейде әйгілі британ мүсіншісі, Корольдік өнер академиясының мүшесі Юнус Сафардиярдың «Екінші өрлеу» көрмесі ашылды.
Өнерсүйер қауым назарына автордың 15 туындысы ұсынылып отыр. Экспозицияда көлемді мүсіндер ұсынылған. Ең ауыр мүсіннің салмағы 350 кг жетеді.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Ербол Әліқұлов құттықтау сөз сөйлеп, бұл іс-шараның маңызын атап өтті.
«Елорда тұрғындары мен қонақтары осындай танымал мүсіншінің туындыларын тамашалай алатыны қуантады. Мұндай көрмелер мәдениетті байытуға ғана емес, халықаралық диалогты нығайтуға да ықпал етеді», – деп атап өтті Ербол Әліқұлов.
Юнус Сафардиардың монументалды мүсіндері әртүрлі материалдар мен әдістерді біріктіреді. Автордың өзіндік әдісі – қоршаған кеңістікті өзгертетін мөлдір элементтерді пайдалану. Шебердің көрмелері мен аукциондық сатылымдары 1986 жылдан бастап өткізіліп жүр. Мүсіншінің жұмыстары Санкт-Петербург, Нью-Йорк, Флорида, Лондон және әлемнің басқа да музейлері мен жеке коллекцияларда сақтаулы.
«Менің жұмысым – әлемнің үздіксіз өзгеруінің көрінісі. Мен ескі формалардың кетіп бара жатқанын, жаңаларының пайда болып, тіпті ерекше дүниеге ұласып жатқанын көрермен көрсе деймін», – дейді көрме авторы.
Экспозиция музейдің 5-қабатындағы көрме залында ағымдағы жылдың 17 қарашасына дейін жалғасады.