Ұлттық музейде Отбасы күніне орай «Әсемдікке құштарлық» жобасы аясында «Ата-баба өнері – ұрпаққа мұра» атты музейлік сабағы өтті.
Сабаққа Астана қаласы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінің оқушылары қатысты.
Мақсаты – жастарға ұлттық құндылықтарымызды насихаттау, отбасының іргелі құндылықтарын сақтауға, отбасы институтын нығайтуға және өскелең ұрпақты рухани-адамгершілік тұрғысынан тәрбиелеуге бағыттау.
Сабақ барысында белгілі зергер Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Карл Фаберже атындағы Халықаралық мемориалдық қорының гауһар тасты орденінің иегері Берік Әлібай ұрпақтан-ұрпаққа мирас ретінде жалғасын тауып келе жатқан зергерлік өнер жайлы мазмұнды ақпарат бере отырып, өзінің «Ұрпаққа мұра» тақырыбындағы көрмесінде тұрған туындыларының жасалуымен, мән-мағынасымен таныстырды.
Оқушылар өз кезегінде шеберге сұрақтар қойды, түрлі тапсырмаларды орындап, зергердің қолынан шыққан әшекейлерден көрсетілген дефилені тамашалады.