Ұлттық музей мен Қазақстан темір жолы әлеуметтік-мәдени жоба ұсынды
30 тамыз күні «Нұрлы жол» теміржол вокзал кешенінде «Қазақстанның ұлттық қазынасы» әлеуметтік-мәдени жобасының тұсаукесері өтті.
Жоба «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы «Магистральдық желі дирекциясы» бастамасымен және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі, «Нұрлы жол» вокзал кешенінің «TCS Engineering» ЖШС басқарушы компаниясы және «MYD Production» ЖШС жарнама операторының қатысуымен іске асырылды.
ҚР Ұлттық музейінің ұжымы жобаның ғылыми тұжырымдамасы мен дизайнерлік шешімін әзірледі.
Бүгінгі таңда ҚР Ұлттық музейінің қор коллекцияларынан тарихи-мәдени мұра үлгілеріне кәсіби түрде визуализация жасалып, «Нұрлы жол» кешенінің күту залдары 40 ақпараттық модульмен безендірілді. Ақпараттық модульдер сериясы 3 тілде ұсынылған және келесі тақырыптық бөлімдерден тұрады: «Ұлы Жібек жолы», «Ұлық Ұлыс», «Қазақ хандығы», «Қазақтардың рухани әлемі», «Қазақ халқы салт-дәстүрлерінің даналығы», «Қазақстан табиғаты», «Қазақ тағамдарының философиясы».
Іс-шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Қанат Ысқақов, ҚР Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров, «ҚТЖ «ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Талғат Алдыбергенов, «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалының «Магистральдық желі дирекциясы» директоры Сәкен Рахметов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірханов, ҚР Ұлттық спорт түрлерінің президенті Исламбек Салжанов, т. б. қатысты.
«Бүгінгі таңда музей тарихи-мәдени мұраны сақтап қана қоймай, білім, ғылым, мәдениет, өнер, заманауи технологиялар тоғысқан әлеуметтік коммуникация орталығына айналып отыр. Ғылыми идея мен креатив ұштасқан «Қазақстанның ұлттық қазынасы» жобасы – мәдени құндылықтарымызды музейден тыс ортада насихаттаудың жарқын үлгісі», - деп атап өтті ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов.
Іс-шара Қазақстан темір жолының 120 жылдығы мен ҚР Ұлттық музейінің 10 жылдығы, сондай-ақ ҚР Конституциясы күніне және Астанада Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізуге орайластырылды.
Мемлекеттік құрылымдардың, ұлттық компаниялардың және бизнес-қоғамдастықтың өзара іс-қимылы еліміздің тарихы мен мәдениетін құрметтей отыра, қоғамның әлеуметтік-жауапты мүшесі ретінде миссиясын лайықты жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өткен жөн.