Леонардо да Винчи көрмесін 37 мыңнан аса адам тамашалаған
7 маусым - 4 тамыз аралығында Леонардо да Винчидің «Әдемі ханшайым» картинасын көруге Ұлттық музейге 37 731 адам келген.
Леонардо да Винчи картинасының көрмесі - еліміздің мәдени өміріндегі елеулі оқиға. Бұған дейін «Әдемі ханшайым» әлемде бес рет қана көрсетіліп, әр уақытта көрермендердің үлкен қызығушылығын тудырып келді.
La Bella Principessa — Леонардо да Винчидің XV ғасырдың аяғында салған туындысы, онда италиялық ақсүйек отбасынан шыққан жас қыздың портреті бейнеленген. Жоғалып, кейін қайтадан табылған туынды шебердің құпияға толы және таңғажайып туындыларының бірі болып табылады.
«Әдемі ханшайымды» көру үшін басқа қалалардан Астанаға арнайы ат басын бұрып, картинаны сағаттап тамашалаған қонақтарымыз болды. Олар өнер құдіретіне бас иіп, музей қызметкерлеріне алғысын жаудырды.
Бұл көрме ҚР Мәдениет және ақпарат министрігінің қолдауымен Ұлттық музейдің және Италия елшілігі мен Scripta Maneant баспасы бірлесіп жасаған екінші жобасы. Бұған дейін 2023 жылы «Италиялық ренессанс – мәңгілік сұлулық» атты цифрлық иммерсивті көрмесі ұйымдастырылып, қалың көрерменнің көзайымына айналды.
Бірегей көрмені ұйымдастыруға қолдау көрсеткен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Италия елшілігі, Scripta Maneant баспасы, ForteBank және Mastercard ұжымына алғыс білдіреміз.